Тілектер

пророк Мухаммад (с.а.с), сказал: «Облегчайте, а не создавайте затруднения, возвещайте благое, а не внушайте отвращение (к Исламу)».

Алғы сөз

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ ЖӘНЕ ОРТА
АЗИЯ МҮФТИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ
ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ
ШЕЙХ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ 

     Ислам – адам баласына тазалық пен пәктікті насихаттайтын, екі дүниенің таразысын тең ұстауды үйрететін соңғы иләһи дін. Онда отбасы мәселесіне, ерлі-зайыптылар өміріне, ұл-қыз тәрбиесіне де көп көңіл бөлінеді.

     Жүрегінде жастық оты жалындаған жас қыздың да, ақыл тоқтатып, бой жеткен ересек қыздың да, егде тартқан әйелдің де, самайын ақ шалған апа-әжелердің де асыл дінімізден алары, үйренері мол. Кешегі Шоқанның әжесі Айғаным, Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжанның өмір өнегелеріне зер салып қарасақ та, олардың осы мұсылмандықтың тәлімін алған жандар екендігін білеміз. Халқымыздың «қыздың өзі үйде, қылығы түзде» деген мәтелі, қыздың жиған жүгіндей деген теңеуі тағы басқа көптеген аталы сөздері қыз балаларымыздың тәрбие-тәліміне арналғаны сөзсіз.

     Олай болса, әйел затына арнап әрісі саф Ислам дінінің, берісі өз даламыздағы салт-дәстүрлердің тереңінен сыр шертіп, әр жерде айтыла бермейтін мәнді мәселелерді көтеріп, қыздарды қызықтыратын тың тақырыптарды қозғайтын басылымның шығуы әбден құптарлық іс.

     Дініміздің қыз баласының тәрбиесіне қатты көңіл бөлетіні де жайдан-жай болмаса керек. Бірде Алланың соңғы елшісі, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кiмнiң үш қызы болып, ол оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терiмен тапқанымен киiндiрiп бақса, олар (яғни, қыздарды тәрбиелеп өсiргенi) ол үшiн тозақ отынан қалқан болады», –деп Исламның қыз баласын иманды, ибалы етіп өсіруге қаншалықты мән беретінін анық білдірді.

    Осы тұрғыдан алғанда, қанат қаққалы отырған «Салнұр» атты әйелдерге арналған рухани-мәдени, танымдық журналы да қыз балаларды иманды, ибалы, он саусағы қыналы пысық, Алла қосқан адал жарларының сенімді зайыбы болуға тәрбиелейтін басылым болады деп сенем артамыз. Бұл бүгінгі елімізге қажет дүние. Қыздарымыз – болашақ аналар жақсы болса, келер ұрпағымыз да мықты болары хақ.

     Журналдың алғашқы игі қадамы құтты, ғұмыры ұзақ, көтерер мәселелері тың болуына тілектеспіз. Оқырмандары әр санын ынтыға күтіп отыратын сүйікті журналына айналсын.

     Алла тағала журнал ұжымына тастүйін бірлік-ынтымақ, істеріне мол береке бергей. Әмин!  

 

    Ұлттық сана-сезім және рухани өмір – ажырамас құндылықтар

Ардақ Досжан
Қазақ стан Республикасы Мәдениет министрлігі діни істер комитетінің төрағасы

     Саяси тұрақтылық пен оның құрамдас бөлігі – ұлтаралық және конфессияаралық келісімді басты игілігіне балаған қазақ елі түрлі саяси-қоғамдық оқиғаларды басынан өткеріп келеді. Заманның өзгеруіне қарай қоғам талаптарының да өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Дінді мемлекеттен қаншалықты бөлек деп танығанымызбен, кез келген қоғамның тыныс-тірлігіндегі діннің айрықша орнын ешкім жоққа шығара алмас. Себебі, қандай да болсын қоғамның рухани өмірінде діннің ерекше рөл атқаратындығы ақиқат. Осы орайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз – тегіміз түрік, дініміз – Ислам екенін ұмытпауымыз керек... Ислам – тек дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз» – деген сөздері ойға оралады.

     Мәдениеттің негізгі факторлары болып саналатын тіл, өнер, тарих, әдет-ғұрыптар қатары дінмен толығып, ұлттың біртұтас бет- бейнесін сомдайды. Иә, Қазақстан елінің түрлі мәдениеттер мен діндердің келісімі жарасқан, ортақ, берекелі мекеніне айналып отырғаны кімге де болса аян. Десек те, қоғамымыздағы болып жатқан оң өзгерістер мен жаңа заманның ағымы тың мәселелер туындатып, солардың күрмеуін шешу үшін тың соқпақ, амал-шарғы талап етуде. Жан-жақтан келіп құйылып жатқан түрлі ақпарат тасқынынан тек өзіңе керегіңді екшеп алу, сан алуан бағыт-бағдарлардың дұрыс-бұрысын бағамдау оңай емес. Дүйім жұртшылықтың рухани білімін тереңдету мен діни сауатын арттыру арқылы оң пікір қалыптастырып, бұқара санасының улануына жол бермеу – ақпарат құралдарының атқаратын құрметті де жауапты міндеті. Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ислам және өркениет», «Иман» сияқты газет-журналдары көпшіліктің көңілінен шығуда.«Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасы адамзат тіршілігіндегі рухани құндылықтың мән-мағынасын сипаттап, түсіндіру арқылы жүрегіне иман ұялаған жандардың көзайымына айналды. Әйтсе де, әрбір таңы әлеуметті елең еткізер айтулы оқиғалармен ататын тәуелсіз, зайырлы елдің ақпарат айдыны жаңа басылыммен толығып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!
Қазақстан қоғамында рухани адамгершілік қағидаларын ұлттық болмысымызға сай жаңғырту мен дамыту – басты мақсаттарымыздың бірі.

     Ал осы қиындығы мол абзал мүдделерімізді жүзеге асыратын шешуші тұлға – әйел десек, артық емес. Әрбір жеке тұлғаның бойындағы адамгершілік қасиеттер ананың, яғни, әйелдің тәлім-тәрбиесінен бастау алады. Бірді-екілі ұл-қыз емес, тұтас ұлтты тәрбиелейтін әйелдің сұлулығын, әзиз ұлылығын паш етуді мұрат тұтқан жаңа басылым дүниеге келіп жатса, бұған қалай қуанбасқа?! Ұлттық сана-сезім және рухани өмір – ажырамас құндылықтар. Сол себепті, Ислам және қазіргі қоғамдағы соған қатысты елеулі, өзекті жайттарды тереңірек түсіндіріп, халықты діни сауаттандыру ісіне өз хал-қадірінше үлес қосуға талпынған журнал ұжымының бүгінгі қадамы құптарлық іс.

  
     Журналдың ана тақырыбын арқау етуі де тегін болмаса керек. Асыл аналардың өн бойындағы ізгілік, парасаттылық, инабаттылық, ибалық сынды қасиеттердің перзентінің бойына ана сүтімен даритынын ескерсек, ұлттық болмыстың сақталуы да ана құдіретіне тәуелді.
Бүгінгі заманның тірлік ырғағынан тысқары, бейтарап қала алмай, нәзіктігіне қарамастан, қоғамымыздың түрлі салаларында небір ауыр жүкті қайтсе көтерісуге талпынған аяулылар ортамызда жеткілікті.

     Табиғи болмысынан айнымай, отбасын ұйытып, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген ардақтылардың бет-бейнесін өзгеге үлгі етуден несіне қымсынамыз?

     Жарыққа жаңа шығып жатқан журнал жаңа қоғамдағы қазақ әйелінің алатын орнын, оның дүниетанымы мен көзқарасын толғамақ екен. Қазіргі мұсылман әйелдің Ислам әлемінде өмір сүруі, оның мұсылмандық ұстаным мен қоғамдағы азаматтық, кәсіби тыныс-тірлігі, отбасы мен бала тәрбиесіндегі рөлі тереңнен толғауды қажет ететін соны тақырыптар. Сондай-ақ, кешегі сәби, бүгінгі жеткіншек, ертеңгі ел тұтқасы – жастардың рухани, мәдени мәселелеріне де әйелдердің қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз. Міне, жас ұрпақ пен жалпы қоғам мүшелеріне тағы да әйел қауымының арқасында дініміздің асыл қазыналары кеңінен насихатталып, ислами мәдениетіміз көркейіп жатса, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманға бір табан болса да жақын-дай бермейміз бе? Ең бастысы асыл дініміз – Исламның бүгінгі таңдағы бет-бейнесі, ұрпақ санасының болмысымызға бөтен уағызбен улануына тосқауыл болып, ислами дұрыс бағыт-бағдар беруді мақсат тұтқан бұл басылымның дүниеге келуі – бүгінгі күн талабы.

     Қатпары терең тіршіліктің мән-жайын көзі қарақты оқырманға тереңірек жеткізуге талпынған батыл қадамдарыңыз сәтті болсын! Пенденің көңіліндегі кірбіңін сейілтіп, жүрегіне иман ұялатуға ниеттенген шалымды істеріңізге қарымдылық берсін! Ұжымдарыңызда ынтымақ, істеріңізде береке болсын!

 

Тілеухан Бекболат

Қазақстан Республикасы
Парламент Мәжілісінің депутаты

    Ана алақанының шуағы – жүрекке мейір, көңілге нұр құйған, парасат- болмысымызға негіз болған ғаламат құбылыс емес пе? Ел үшін ең қымбат дүние мұнай да, темір де, көмір де емес Адам екен! Сол адамды туатын АНА! Ендеше, одан ардақты кім бар?!
Бүгінгі ана – кешегі қыз – ертеңгі әже. Ардақты ана – ибалы қыздан шығады. Қамқор ана ғана ертеңгі әспетті әже болмақ. Ал енді құрсағын жарып шыққан перзентін тастай қашқан көкек-ана қайдан шықты? Ер қадірін, ел қадірін білмейтін бейпіл әйел ше? Безір көз, ұяты кем, ары тапшы қарындас қайдан?

     Дана Абайдың айтуынша «Кімде кім жаман болса, замандасының бәрі виноват» (37 сөз) Яғни, кінәні өзімізден іздеу шарт. Ешқандай жәрдемақы, ешқандай балабақша орын толтыра алмайтын ана алақаны шуағының қадірін сезінуміз ләзім. Сол шуаққа келер ұрпақтың шомылуына мүмкіндік жасаса, шіркін! Ана – өмір айдынында аққудай мамырласа керек-ті. Ерқашты болған есектей жұмысбасты емес. Ана махаббаты, ана парасаты, ана деңгейі – ұрпақ руханиятына негіз. Ендеше қоғамда ана проблемасынан маңызды не бар?!
Мойындарыңызды үлкен міндет алып, игі қадам жасап отыр екенсіздер. Ашылған журналдарыңыз Қазақстан қоғамындағы әйелдерге жанашыр сырлас, жақсы ақылшы, ізгіліктің хабаршысы болғай. Талаптарыңызға нұр жаусын. Іске сәт!  

 

Марат Сәрсенбаев 

Индустрия және сауда министрлігі
жанындағы "халал" стандарты бойынша
Техникалық комитеттің төрағасы

     Мұсылман әйелдеріне арналған журналдың жарыққа шығуы - өте құптарлық жайт. Еліміздегі халықтың жетпіс пайыздан астамы мұсылман болғандықтан, басылымның оқырманы да, жақтасы да көп болады деген ойдамын. Мен бұл басылымды қоғамға ауадай қажет рухани азық көзі дер едім. Адам санасы азып, рухани дүниесі жұтаң тартқан бүгінгідей заманда бұл журналдың атқарар рөлі зор. Әсіресе, қыз-келіншектерімізге Исламды танытып, түсіндіруді мақсат еткендеріңіз, көңілге қонып-ақ отыр. Намаз кілті – дәретте болса, шаңырақ кілті – әйелде. Қай салада қызмет атқарса да иманы күшейген әйелдер қатары көбейсе, Отанымыз бақытқа кенелмек. Тәрбиелі ұрпақ, саналы қоғам, ырзық-берекесі шалқыған мемлекет тікелей әйел – анаға қатысты.

     Қоғамымызда гендерлік саясатқа, көп әйел алуға қатысты шешімін таппаған толғақты мәселелер баршылық. Әйел тәрбиесіне, ана тағдырына атүсті қарауымызға болмайды. Әсіресе, қоғамда қыздарымыздың имандылығын ұлтымыздың имандылығы деп түсінетін пікір қалыптастыруымыз керек. Исламда әйел адамға да табыс табуға құқық берілген. Осыны негізге ала отырып, бүгінгі заманмен ұштастырып, ислами қағидамен өмір сүру үлгісін жасауымыз қажет. Ол үшін осы журналға Ислам жолында жүрген мамандарымыз да белсене атсалысулары керек.

     Мен көп жыл дәрігер болып қызмет атқардым. Өткен кәсіби әрекеттерімізге қазіргі ислами тұрғыдан қарасам, көптеген қателіктерге жол беріппіз. Мысалы, дүниеге келген нәрестені үш-бес күнге дейін анасының омырауына салмайтынбыз. Баланы уызынан ажыратумен қатар, уызбен даритын мейір-махаббаттан да айырған екенбіз. Соның салдарынан болар, қазақ қоғамында ешқашан болмаған қарттар мен балалар үйі қаптап кетті. Мейірімсіз, жылу-шапағаты жоқ, рухани азғындаған міскіндер қатарын көбейтіп алғанымызды өзіміз де аңғармай қалдық. Бұл күнде мен қазақтың барлық қыздарына: «Көкірегі мейірім мен шуаққа толған кейуаналарымыздың қасиетін сенің бойыңнан көргім келеді, қарағым. Ақжаулықты әжелеріміздің, алтын құрсақ аналарымыздың қасиетін қайтарып беріңдер» дер едім. Бұл тілек жалғыз менің тілегім емес. Бұл көкірегінде намысы бар әрбір қазақ азаматының тілегі. Осыны қыздарымыздың құлағына жеткізу – Сіздерге аманат. Алдарыңызда үлкен де жауапты міндет тұр. Оқырмандарыңызға басылымның әрбір келесі нөмірімен сағынып қауышуды нәсіп етсін, Алла Тағалам. Журналдың редакция алқасына шығармашылық табыс тілеймін. Ізгі еңбектеріңіз көпшілік көңілінен шықсын. Талаптарыңызға нұр жаусын. Алла Тағалам еңбектеріңізді берекелі де мерекелі етсін.

 

 

Уважаемая редакция журнала “SalNur”
 
Это важное событие не только для тех, кто выпускает журнал, но и для многих читателей. Развивая лучшие традиции отечественной журналистики, опираясь на накопленный опыт, издание уже сейчас уверенно занимает свое достойное место в информационной сфере, завоевывает любовь и уважение большой читательской аудитории, особенно у молодежи. Доступность и легкость изложения материала, умение охватывать все важные и спорные аспекты жизни современной женщины и объяснении роли религии в жизни человека. Желаю редакции смело поднимать актуальные и насущные темы которые стали бы якорем, главными отличительными чертами вашего журнала. Как постоянный читатель, утверждаю, что ваш журнал доходчив, оперативен и достоверно выдавая информацию уже занимает почетное место в сердцах наших женщин.
От всей души желаем Вам успехов, ярких удач, неиссякаемой творческой энергии, вдохновения и преданных читателей.
 
 
С Уважением,
Доктор педагогических наук,
профессор психологических наук
Оразбекова Куляш Айтмолда кызы

 

 

 

ЧИЭКО г.Караганды

 

 

 

Графикалық дизайн, логотиптер, фирмалық стиль жасауға, баннер құруға тапсырыс қабылдаймыз