
Қаңтар айының 6-12 күндері аралығында Иран астанасы Тегеранда мұсылман әйелдері баспасөз басылымдарының тұңғыш халықаралық фестивалі өтті. Аталған фестивальға Ислам мәдениеті мен қарым-қатынасы Ұйымының әйел және отбасы істері бөлімі қолдау көрсетті.
Фестивальға 18 елден, атап айтсақ: Қазақстан, Сомали, Судан, Пәкістан, Ирак, Қырғызстан, Тәжікстан, Венесуэла, Сирия, Гана, Аргентина, Таиланд, Индонезия, Ливан, Тунис, Татарстан, Ресей, Албания аймақтарынан баспасөз өкілдері жиналды.
Еліміздің атынан мұсылман әйелдеріне арналған«SalNur» журналының бас редакторы Гүлнәр Адамова қатысты.
Іс-шараның тұсауын мәдениет департаментінің басшысы Доктор Ашаги тұңғыш ұйымдастырылып отырған осындай игі іске жиналған барлық қатысушыларға ақжол айтып, танымдық дәріс тыңдап, достық аясын кеңейтуіне деген тілектес ниетін білдірген құттықтау сөзімен ашты. Бұдан соң баспасөз басылымы өкілдері өз басылымын тарту етіп, қысқаша баяндамаларын оқыды. Фестиваль араб және ағылшын тілдерінде өтті.
Фестиваль өткен күндерде барлық қатысушылар мерзімді ислам басылымы мәселелері мен мұсылман әйелдері өмірі мен қоғамдағы дәрежесіне қатысты тақырыпты өте белсенді талқылады.
Қазақстан атынан барған өкіліміз Гүлнәр Адамова ұйымдастырушыларға фестиваль қатысушыларының арасынан жыл бойы өзекті мәселелерді тұрақты талқылап тұрар топ құрып, осы өзекті мәселелер ішінен келесі кездесудің басты тақырыбын таңдаса деген ерекше ұсыныс тастады. Аталмыш ұсыныс фестиваль ұйымдастырушылары тарапынан қолдау тапты. Келесі кездесу Ливанда өтеді деп жоспарланып отыр.
Фестивальдің жабылу салтанатында әрбір қатысушыға естелік сыйлықтар мен фестиваль эмблемасы бедерленген сувинер табыс етілді.









